Жамбыл облысында суға батып бара жатқан әйел құтқарылды
Оны аман алып қалуға кішкентай қызы септігін тигізген
Шу станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті тәртіп сақшылары жедел-тергеу тобы құрамында шақыруға шыққан. Олар теміржол бойымен келе жатып кенеттен су арнасы орналасқан жақтан кішкентай қыздың айқайлап, көмекке шақырып жатқан дауысын естіген. Полицейлер дереу оқиға орнына жетіп, суға батып бара жатқан әйелді байқады. Жедел уәкіл адамды құтқару үшін ойланбастан бірден суға секірді. Сақшы жүзіп барып, жәбірленушіні аман-есен жағаға шығарып, алғашқы көмек көрсетті. Жедел медициналық жәрдем бригадасы келісімен оны дәрігерлерге тапсырды, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Ойлануға уақыт болмады, тез шешім қабылдау керек болды. Сол себепті әйел адамды құтқару үшін суға секірдім, – дейді көлік полицейі Батыр Мұхан.
«Қызым екеуміз шомылып келмек болғанбыз. Суда жүргенде аяғымның сіңірі тартылып, суға бата бастадым. Содан кейін ештеңе есімде жоқ. Көзімді ашсам тәртіп сақшысы мені судан жағаға шығарып, көмек көрсетіп жатыр екен. Алғысым шексіз, өмірімді сақтап қалғаны үшін полиция қызметкеріне ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын», – дейді Шу қаласының тұрғыны.
Қазір тұрғын аман-есен үйінде, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.