×

Атырауда 21 млн теңге пара алды деп айыпталған Антикор офицеріне қатысты сот үкімі шықты

Антикор қызметкері 7 жылға бас бостандығынан айырылды

 Айнұр Асылбекқызы 08.06.2022 | 13:53
скриншот: видео

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкері М-ға қатысты өзінің қызмет бабын пайдалана отырып аса ірі мөлшерде алаяқтық жасауға оқталған (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы), лауазымды адамға ірі мөлшерде пара беруге айдап салу (ҚК 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігі)  айыбымен қылмыстық істі қарады.

Сотта анықталғаны:

2021 жылдың сәуір айында сотталушы М-ға ЖШС «П.П» басқарма төрағасы Б.-ға қатысты Департамент қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені белгілі болған.

​2021 жылғы 26 маусымда М. жәбірленуші Б-мен кездесіп, оған қатысты тексеруді тоқтатуға ықпал ете алатынын айтып, сондай-ақ Департамент пен Агенттіктің басшылығы арқылы оның пайдасына оң шешім шығаратынын, ол үшін 30 000 000 теңге талап еткен.

2021 жылғы 30 маусымда сотталушы М. жәбірленушімен қайта кездесу кезінде 21 000 000 теңгеге келіскен. Бұл ақшаны сотталушы М. танысынан Б. ның пәтерінен алып кетуін сұраған, сол күні М.-ның танысы жәбірленушінің пәтерінен ақшаны алған.

Ақша беру кезінде куәгерді Антикор қызметкерлері ұстаған.

Көрсетілген мән-жайлар және сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен, Whatsapp мессенджеріндегі хат алмасумен, аудио, видео жазбалармен, ЖТӘ нәтижелерімен және сараптама қорытындыларымен расталады.

Тараптардың позициясы:

Прокурор М.-ға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды. Қорғау жағы М.-ны ақтауды сұрады.

Сот шешімі:

ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы санкциясында  белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

ҚК-нің 367-бабының 3-бөлігі санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның қырық еселенгеннен елу еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы көзделген.

Сот сотталушы М.-ны ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 3-бөлігінің 2 тармағымен кінәлі деп таныды.

Сот сотталушы М.-ның қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды.

Сот оның жасы мен отбасылық жағдайын жеңілдететін жағдай деп таныды.

Сот үкімімен сотталушы М. мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сотталушы 5 санатты біліктілік сыныбынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама