Түркістанда 153 млн теңге берешегі бар азамат анықталды

Қымбат Елтайқызы

Ол алимент пен айыппұлдарын төлемеген

фото: polisia.kz

Түркістан облысының тәртіп сақшылары «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен 153 млн теңге айыппұлын төлемей жүрген азаматты анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері қала аумағында күнделікті рейдтік-профилактикалық іс-шара жүргізеді. Осылайша, кезекті жұмыс күні сақшыларға С.Қожанов көшесінің бойында 153 миллион теңге берешегі бар Ravon Nexia R3 автокөлігіне қатысты дабыл түсті, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Белгілі болғандай, жүргізуші 153 миллион теңгенің 700 мыңын жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл ретінде арқалаған. Оның басым бөлігінде ақылы жол, жылдамдық арттыру, рұқсат етілмеген орынға көлік қою және тағы басқа құқық бұзушылықтар бар. Қалғаны банк пен алимент бойынша берешек екені расталды, – деп қосты ведомство.

Полицейлер автокөлік жүргізушісімен айыппұлдарды уақытылы төлеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Көлік айыптұраққа қойылды.

Соңғы айда Түркістан облысының тәртіп сақшылары «Қорғау» бағдарламасының көмегімен айыппұлын төлемеген 100-ге жуық жүргізушіні анықтап, көліктерді айыптұраққа қойды.