Президент «Астана» қаржы орталығының басшылығына бірқатар міндет жүктеді
Биылғы алты айда ұйымға 500-ден астам компания қосылған
Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысына инвестиция тартуға қатысты міндеттер жүктеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ренат Бектұров президентке орталықтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметінің негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңге жоспарын таныстырды.
Оның айтуынша, бүгінде Қаржы орталығы арқылы Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. АХҚО құрылған сәттен бастап оның қатысушылары бюджетке 115 миллиард теңге салық төлеген. Оның 29,8 миллиард теңгесі осы жылдың бірінші жартыжылдығында түскен. Қаржы орталығына қатысушылар санының артуы мен компаниялар қызметінің жандануы салық түсімдерінің ұлғаюына негізгі себеп ретінде аталды.
Биылғы алты айда Орталыққа 500-ден астам компания қосылған. Екінші тоқсанда АХҚО қарамағындағы компаниялар 7600-ден астам жұмыс орнын ашқан.
Президент Қаржы орталығын одан әрі дамыту бағытында бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, ел экономикасына инвестиция тарту үшін АХҚО инфрақұрылымын белсенді пайдалана отырып, барлық мемлекеттік орган мен қаржы институттарының күш-жігерін біріктіру қажет екенін атап өтті.