Сарапшы аға буын қалыптастырған жағымпаздықты сынға алып, кейінгі жастарды кәсіби маман болуға шақырды
Белгілі сарапшы, журналист Айбар Олжай қоғамдағы жағымпаздық мәселесіне тоқталды. Ол осы бір қауіпті қасиеттің қазір барлық салаға еніп кеткеніне алаңдаулы. Бұл туралы сарапшы Youtube арнасындағы «Сұрауы бар» жобасында берген сұқбатында айтты.
«Мені қатты қынжылтқан бір нәрсе бар. Ол - жағымпаздықпен аты шыққан жас баланың Мәжіліс депутаты атануы. Бұл қоғамды күйретіп жіберетін сигнал. Ол жастарға ашық, қоғами, жария түрдегі жағымпаздықпен айналыссаң, қандай да бір дивидент алуға болатынын көрсетті. Себебі мұның артында егер үлкен бір бастықты мақтап, ескерткіш қоюға үндесең «инемен құдық қазып, білім алып қиналудың не қажеті бар» деген түсінік қалыптасады. Бұл жаппай тенденцияға айналса, онда тағы 10-20 жылды жоғалтып аламыз», - дейді Айбар Олжай.
Сарапшы бүгінгі қоғамда тек кәсіби маманның бағаланатынын айтып, жастарға жағымпаздықтың дұрыс емес екенін месседж етіп таратуды жеткізді.
«Қазір бізге жалпы жағымпаздық идеологиясының жаман екенін түсіндіретін алаңдар көп керек. Жастарға «жағымпаздықпен айналыспаңдар, оның перспективасы жоқ деген месседжді айта беру керек. Жағымпаздық болашақта ештеңеге апармайды. Ол сізге уақыт созып жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ түбі сіз ұтыласыз. Нарыққа профессионал керек. Өзіңіздің бағаңыз болады», - дейді сарапшы.