Жұмыстағы апат салдарынан мүгедек болған тұрғын 5 млн теңге өндіріп алды

Динара Амантай

Актіге сәйкес жұмыс берушінің кінәсі анықталды

Фото: Halyq Uni

Ақтөбе қаласының №3 сотына жүгінген тұрғын жұмыс берушісінен 5 млн теңге моральдық зиянды өндіріп алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іс құжаттарына сәйкес, арызданушы 2022 жылдан бастап шахтада бекіткіш қызметін атқарған. Жұмыс уақыты кезінде тау массасы кенжардан табиғи бөліну арқылы оның үстіне құлап, есінен танып қалған. Жазатайым оқиға салдарынан жұмысшы ауыр жарақат алып, оған ота жасалып, ІІІ топтағы мүгедектік белгіленген.

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актісіне сәйкес, жұмыс берушінің 80% кінәсі және талап қоюшының 50% еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі анықталды.

Сот жазатайым оқиға салдарынан жұмысшының денсаулығына елеулі зиян келтірілгенін, алған жарақаттың ауырлығын, алдағы уақытта ота жасалуымен жоғалған денсаулықты қалпына келтіру бойынша оңалту курстарын ескеріп, оның талабын толық көлемде қанағаттандырды, – делінген сот хабарламасында.

Жұмыс берушіден ер адамның пайдасына 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.