Halyq Uni логотип
×

Павлодар облысында 100-ге жуық сауда орталығы бақылауға алынды

Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ

 Халық үні 30.07.2024 | 19:30
Павлодар облысында 100-ге жуық сауда орталығы бақылауға алынды
фото: kotsport.ru

Павлодар облысының өрт сөндірушілері 96 сауда және ойын-сауық орталықтарын бақылауға алды. Басты мақсат – сауда орындарында өрт қауіпсіздігі мен талаптарын сақтау ережелерін түсіндіру. 

Айта кетсек, облыста жыл басынан бері сауда нысандарында 3 өрт оқиғасы тіркеліп, 3 кәсіпкер шығынға батқан болатын. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ. Ал былтырғы көрсеткіш – 8 өрт.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, қызыл жалынның шарпуына көбінесе электр сымдарының қысқа тұйықталуы, жарамсыздығы, пайдалану кезіндегі бұзушылықтар себеп. Сауда орындарының иелері кей кезде өрт сөндіргіштің жағдайын тексермейді.

Өрт жағдайларын алдын алу және болдырмау мақсатында «Қауіпсіз сауда» акциясы ұйымдастырылды. Шара аясында мамандар профилактикалық жұмыстарды қолға алып, сауда нысандарына басымдық берді. Ірі 7 нысан жіті бақылауымызға алынып, тактикалық жаттығулар өткіздік. Адам көп жиналатын ғимаратта жұмыс істейтін әр адам өрт қауіпсіздігі ережелерін білуі шарт. Қауіпсіздікті бірінші кезекте кәсіпорын басшылығы қамтамасыз етуге тиіс, - деді Қайрат Шаймарденов.

Мамандар кәсіпкерлік кодексі шеңберінде ірі нысандарда жылына бір рет жоспарлы тексеру жүргізбек. Ал өрт қаупі орташа ғимараттар 3 жылда бір рет тексеріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама