Жер ресурстарын басқару департаменті басшысы мен оның сыбайласына сот үкімі шықты

Динара Амантай

Үкім ұжымның қатысуымен жарияланды

Фото: Halyq Uni

Түркістан қалалық сотында жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы А. Мырзаевқа, оның сыбайласы А. Балтабаевқа және осы департаменттің бөлім басшысы Б. Жетпісовке қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мырзаев пен Балтабаев алаяқтық пен пара беруге итермелеу, ал Жетпісов пара беруге оқталу бойынша кінәлі деп танылды. Мырзаев пен оның сыбайласы Балтабаев жер учаскесін ресімдеу үшін кәсіпкердің 18 млн теңге көлемінде қаражатын иемденгені анықталды. Сонымен қатар Мырзаев лауазымды қызметкерлерге жалпы қамқорлығы үшін пара беру сылтауымен бұрын келісілген Жетпісовтың 5 млн теңгесінің 70 мың теңгесін алаяқтық жолмен иемденген.

Сот үкімімен Мырзаевқа 8 жыл, Балтабаевқа 7 жыл және Жетпісовке 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мемлекеттік лауазымдарда қызмет ету құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.

Үкім жер ресурстарын басқару жөніндегі облыстық департаментінің және жер қатынастары бөлімі ұжымының қатысуымен жарияланды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.