Бүгін Үкімет отырысында жолдағы қауіпсіздік мәселесі сөз болды
Олжас Бектенов автомектептерді есепке алып, техникалық байқау орталықтарының жұмысын ретке келтіру керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет отырысы барысында премьер-министр автомектептерге қойылатын талаптардың төмендеуі жүргізушілерді даярлау сапасы мен жүргізу мәдениетіне теріс әсер еткенін атап өтті. Қазір оқу орталықтарын ашу үшін лицензиялар мен рұқсаттар талап етілмейді. Олардың көпшілігінде қажетті материалдық база жоқ. Бүгінгі таңда сапасыз дайындық үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастағандықтан, оқу процесі көбінесе формальді түрде жүзеге асырылады.
Үкіметтің мәліметінше, Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп барлық автомектепті есепке алу тапсырылды. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе талданады және қажет болған жағдайда жүргізушілерді даярлау және жүргізуші куәлігін алу тәсілдері қайта қаралады.
«Автокөліктің техникалық жай-күйі жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Жыл сайын еліміздегі автопарк өсіп келеді. Ал автокөліктерді техникалық тексеру сапасыз жүргізіледі. Техникалық қызмет көрсету орталықтары бас пайдасын ғана ойлап, жұмыс істейді. Жол үстіндегі қауіпсіздік және адамдардың өмірін сақтау мәселесі жекелеген тұлғалардың мүддесінен биік тұруға тиіс. Техникалық тексеру орталықтарының жұмысын жөнге келтіретін уақыт жетті. Көлік министрлігіне көлік құралдарына техникалық тексеру жүргізу сапасын тиімді бақылау тетігін әзірлеуді тапсырамын», – деді Бектенов.
Бұған дейін көлікті мас күйінде айдайтындарға жаза күшейтілуі мүмкін екенін жазған едік.