Қазір цифрлық платформамен 12 облыс жұмыс істейді
Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдар бұрынғыдай мемлекеттік тапсырыс алудың орнына, Indigo ваучерлік моделімен қаржыландырылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл әдіс арқылы ата-аналар ең жақсы балабақшаны таңдап, көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылай алады. Сондай-ақ жаңа қағиданы енгізу нәтижесінде балалар бір балабақшадан екіншісіне оңай ауыса алады. Бұл ретте мектепке дейінгі мекемелердің еңбек шығындары қысқарып, жаңа ұйымдар жүйеге оңай қосылады.
Мектепке дейінгі ұйым ашылады. Белгіленген тәртіптегі құжаттарды білім бөліміне өткізеді. Бұл құжаттар расталғаннан кейін ұйым аталған қаржыландыруға қатыса алады. Балабақшаға ақшаны білім бөлімі емес, бала әкеледі. Осылайша, балабақшалар мемлекеттік субсидиялау нарығына еркін қосылып, өзара бәсекелесе алады, – деді «КДС Франчайзинг» ЖМ дамыту жөніндегі директоры Евгений Щербатов.
Қазір цифрлық платформамен 12 облыс жұмыс істейді. Оны республика бойынша іске қосу жоспарланып отыр.
Айта кетсек, ваучерлік қаржыландыруды «Қаржы орталығы» АҚ басқарады. Бұл ретте Indigo жүйесі арқылы банктер, ұлттық білім беру платформасы және басқа да ведомстволар арасында деректер алмасу дербес қамтамасыз етіледі.