Шымкентте Сатыбалдының құдасына тиесілі болған спорт сарайы мемлекетке қайтарылды
Мекеме жеті жыл бұрын нарықтық құнынан 8 есе аз бағаға сатылған
Шымкентте спорт сарайы мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, 2017 жылы «Спорт сарайы» ЖШС-ның 67,09% үлесі жекешелендіріліп, «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС-ға 128 миллион теңгеге сатылған.
Жалпы сол кездегі нысанды бағалау құны 996 миллион теңге болған. Жеңімпазбен шарт жасалған, алайда келісімде нысанның бейінін сақтау көрсетілмеген, – деп жазды әкім.
Қала прокуратурасының мәліметіне сәйкес, қазіргі «Мұз сарайын» сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген. Бұған қоса ол жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ болғандықтан, аукционға қатысушы ретінде тіркелмеуге тиіс еді.
Айта кетсек, спорт сарайы – оңтүстік өңірде қысқы спорт түрлерін дайындайтын жалғыз орын. Бұл ретте оны жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының нормалары бұзылған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ 5 жыл ішінде мемлекет мекеме ғимаратын жалға алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімімен жекешелендіру нәтижелері жойылып, ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір шешім заңды күшіне енді.
Ашық деректерде «Мұнай Құрылыс Сервис» компаниясы белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжановқа тиесілі екені туралы ақпарат жарияланған. Сондай-ақ бизнесменнің Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының құдасы екені туралы ақпарат бар.