ҚТЖ мен жеке тасымалдаушыларға 10 млн теңге айыппұл салынды

Динара Амантай

Жолаушылар пойыздарында 300-ге жуық міндеттеме бұзылған

Фото: Halyq Uni

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен жеке тасымалдаушыларға 10 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Көлік министрлігі Астана-Алматы, Қызылорда-Петропавл, Астана-Шымкент, Қызылорда-Павлодар, Қызылорда-Көкшетау, Алматы-Жезқазған, Алматы-Саратов және тағы басқа әлеуметтік маңызды бағыттағы 20-дан аса жолаушылар пойызын тексерді. Оның нәтижесінде 284 келісім міндеттемелерін бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде жолаушылар вагондарының ішкі және сыртқы келбетінің нормаға сай келмеуі, вагондарда кондиционерлердің болмауы және ерекше қажеттілігі бар жандарға жағдай жасамау, санитарлық-техникалық жағдайдың сақталмауы және тағы басқа фактілер тіркелді.

Айыппұлдардың жалпы құны 10 млн теңгеден асты. Айыппұлдар Ұлттық тасымалдаушыға да, жеке тасымалдаушыларға да салынады. Оларға 10 күн ішінде анықталған бұзушылықтарды жою және оларды одан әрі болдырмау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Айта кетсек, елімізде 110 тұрақты әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша пойыздар қатынайды. Жаздың соңына дейін комитет қызметкерлері қалған жолаушылар пойыздарын кестеге сәйкес тексереді.