Halyq Uni логотип
×

Әкімдердің жұмысына KPI енгізіледі

Отбасының әл-ауқатына 5 санат бойынша мониторинг жүргізіледі

 Динара Амантай 29.07.2024 | 13:56
Әкімдердің жұмысына KPI енгізіледі
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту критерийі бойынша әкімдердің нақты жұмысына KPI енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» платформасы негізінде барлық қазақстандық отбасының әл-ауқатына бес санат бойынша тұрақты мониторинг пен талдау жүргізіледі. Санат бойынша динамикаға байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бағаланады.

Әкімдерге бұл құралды орта және ұзақ мерзімді шараларды жоспарлап, іске асыру үшін қажетті негізгі нұсқаулық ретінде пайдалану тапсырылды. Мұқтаж отбасылардың өмірде қиын жағдайға тап болу қаупінің алдын алу мақсатында, сондай-ақ кедейлікті, жұмыссыздықты, халықтың жасырын жұмыспен қамтылуын азайту үшін оларды белсенді түрде анықтау қажет. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп әр отбасымен жеке жұмыс жүргізуді әрі «дағдарыс» және «шұғыл» санаттардағы отбасыларды жыл соңына дейін 31,2 мың отбасына дейін қысқартуды қамтамасыз етуді тапсырды, – делінген Үкімет хабарламасында.

Сондай-ақ кеңесте «Әлеуметтік әмиян» жобасы қаралды. Бүгінде ол арқылы тұрғындарға пилоттық режимде мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтану, дәрі-дәрмек ұсынылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алуға, мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдарын сатып алуға атаулы көмек көрсету жөніндегі пилоттық жобаны, сондай-ақ ЖЖМ мен тауарлы газға бағаның өсуін өтеу мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған ваучерлерді іске қосу пысықталып жатыр.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға әлеуметтік әмиянға және Цифрлық картаға түсетін деректердің өз саласы мен бағыты бойынша дәлдігі мен дұрыстығын қамтамасыз етуді тапсырды. «Әлеуметтік әмиян» жобасын кеңейту, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселелерін пысықтау тапсырылды. Бұдан басқа, қаражатты мақсатты есептеуді, оның ішінде электронды ақша мен цифрлы теңге платформаларын пайдалана отырып пысықтау қажеттігі атап өтілді, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жиында «Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру» жобасы таныстырылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген қаражат ата-аналардың таңдауынан кейін ғана мектепке дейінгі ұйымдарға аударылады. Оқу-ағарту министрлігіне Тараз және Шымкентте ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны аяқтау және оны 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бүкіл ел бойынша таратуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама