Министр энергетика саласының дамуы туралы баяндады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бірінші жартыжылдықта 44,7 миллион тонна мұнай өндірілген. Мұнай өнімдерінің өндірісі 6,78 миллион тонна болды. Сондай-ақ 30,1 миллиард текше метр газ өндіріліп, электр қуатын өндіру көлемі 60,4 миллиард кВт/сағатқа жеткен.
Президентке ведомствоның тұтынушыларды электр қуатымен және жылумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспары жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамыту шаралары туралы баяндалды.
Кездесу соңында мемлекет басшысы жылыту маусымына дайындық бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді тапсырды.