Ішкі әуе бағыты 6,6 млрд теңгеге субсидияланды
Биыл қазақстандық авиацияда жолаушылар ағыны өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артып, 6,8 млн адамға жетті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкіметтің жартыжылдық қорытындысына сәйкес, отандық авиация саласында айтарлықтай өсім байқалған. Қазақстандық әуе компаниялары 5 ұшақ сатып алып, әуежайларда 11,3 млн жолаушыға қызмет көрсетілді. Халықаралық рейстер бойынша аптасына 760 рейс жиілігімен және 132 бағыт бойынша 33 елге дейін артты. Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Грузия, Египет, Қатар, Қытай, Малайзия, БАӘ, Тайланд және басқа елдерге жаңа рейстер іске қосылды.
Ішкі әуе тасымалы бойынша Air Astana, FlyArystan, SCAT, Qazaq Air, «Оңтүстік аспаны» және «Жетісу» компаниялары аптасына 640 рейс жиілігімен 53 бағыт бойынша рейстерді орындайды.
Айта кетсек, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай, Жетісу, Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында 19 ішкі әуе бағыты 6,6 млрд теңге сомасына субсидияланады.
Осы жылы Алматы қаласы әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталды. Бұған қоса, жеке қаражат есебінен Қызылорда және Шымкент қалаларының әуежайларында жолаушылар терминалдарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Мамырда Балқаш қаласы әуежайының перроны мен жермен жүру жолдарын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Сондай-ақ ,биыл Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары басталды. Ол жоспар бойынша 2025 жылы аяқталады.
Сонымен қатар биыл Қазақстан мен Өзбекстанның әуе кеңістігі арқылы өтетін жаңа Т-916 әуе бағыты ашылды. Бұл – Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасын жалғайтын қосымша бағыттардың бірі. Бұл бағыт ашылғалы 19 рейс орындалды. Т-916 әуе кеңістігінің жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асады. Оның ішінде 437 шақырымы Өзбекстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы өтсе, қалған 1,7 мыңы Қазақстан аумағының үстімен өтеді.