×

«Басынан атып, денесін каналға лақтырып кеткен»: Қызылордада дәрігердің мәйіті табылды

Қайғыдан қан жұтқан отбасы марқұмды өзінің таныстары өлтіргеніне сенімді

 Халық үні 27.07.2024 | 23:58

Қызылорда қаласының іргесінде 31 жастағы медицина қызметкерінің мәйіті табылды. Марқұмның жақындары атпалдай азаматқа бірнеше адам жабылып, басынан оқ атқанын айтты. Бұл туралы «Информбюро» агенттігі хабарлады.

Марқұмның туыстарының айтуынша, қанды қылмысқа қатысы бар адамдар әлі бостандықта жүр. Оның үстіне жігіттің көз жұмғанына 3 күн өтсе де, тергеушілерден бірде-бір хабар жоқ дейді. Тергеу әділ жүріп жатқанына күмәнданған отбасы талаптарын айтып, полиция басқармасына барды.

Онкологиялық ауруханада жұмыс істеген Наурызбек Тұрсынов өткен дүйсенбіде түн ішінде телефонына қоңырау келген соң үйінен асығыс шығып кеткен, дейді марқұмның жақындары. Ол сол кеткеннен оралмапты. Содан кейін туыстары полицейлерге хабар беріп, өздері жаппай іздеуге кіріскен. Ақыр соңы асқан қатыгездікпен өлтірілген медицина қызметкерінің мәйітін қала шетіндегі арнаның жағасынан тапқан.

Қазір келеді деп жаттым. Сағат 4 болды. Тұрсам, қасымда жоқ. Мына кісі әлі келмеген бе деп, машинасына қарадым. Машинасы ол жоқ. 4-5 адамды жалдаған. Басынан екі оқпен атқан. Асқан қатыгездікпен өлтіргенімен қоймай, қасындағы каналға лақтырып кеткен денесін, - дейді марқұмның жұбайы Ұлпан Нұрлыбаева.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы Наурызбекті өзінің таныстары өлтіргеніне сенімді. Айтуларынша марқұм өзіне жақын адам санайтын жігітпен соңғы күндері ақшаға байланысты біраз түсінісе алмай жүрген. Сондықтан 31 жастағы азаматтың өліміне осы келіспеушілік себеп деп санайды.

Бірнеше адам, жоқ дегенде 4-5 адамның қатысы бар. Сол адамдардың бәрінің табылып, қатаң жазамен сотталуын талап етеміз, - деді марқұмның әкесі Асылхан Дауылбеков.

Оның үстіне тергеудің әділ жүріп жатқанына да күмәнданады жәбірленушілер. Өйткені тергеушілер марқұмның жақындарына бірде-бір рет келіп жауап алмапты. Сондықтан наразылық білдірген отбасы полиция басқармасына өздері келіп талаптарын айтты.

Қылмыстық іс ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен іс тіркелді. Аса ауыр қылмыс. Екі адам осы іспен қамауға алынды. Қалған мәліметтер қылмыстық процестік кодекстің 2-бөлігіне сай жария етілмейді, - дейді Қызылорда қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Табынбай.

Белгілі болғандай, іс «адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Ал марқұмның жақындары істің ақ-қарасы анықталып, кінәлілер қатаң жазаланғанын қалайды.

Айта кетейік, Наурызбек Тұрсыновтың артында кәмелет жасына толмаған үш баласы мен жары қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама