Алматыда кішкентай балаларды тепкілеген жігіт тергеліп жатыр (ВИДЕО)
Видео Instagram-дағы nemolchikz_official қоғамдық парақшасына жарияланған болатын
Балаларға шабуыл жасаған әрекеті камераға түсіп қалған Алматы тұрғыны ұсталды. Полицейлер оқиғаға қатысты түсінік берді.
Ол видео Instagram-дағы nemolchikz_official қоғамдық парақшасына жарияланған болатын. Онда лифт кабинасының бұрышында тұрған балаларды қайта-қайта тепкілеген ер адам түсіп қалған. Автор оқиғаның Алматыда 23 шілдеде түстен кейін болғанын атап өтті.
Видеоны қараңыздар. Ол ешкім көріп қоймас үшін жан-жағына қарағыштап, 10 жасар балаларды «батылдана» тепкілеп, ұрып жатыр, - деп жазады автор.
Алматы қаласының ПД баспасөз қызметі бұл факті бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Ер адам анықталып, оның әрекетіне құқықтық баға беріліп жатыр, - деп қысқаша хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетсек, 15 сәуірде мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойған болатын. Қол қойылған заңдар әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін нормаларды енгізеді. Сондай-ақ отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды және қасақана ауырлығы орташа және денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жауапкершілік күшейтілді.