Halyq Uni логотип
×

«Семей орманы» резерватының аумағына 70 мыңнан астам көшет отырғызылды

Былтыр 66 мың гектарға жуық орман өртенген болатын

 Динара Амантай 26.07.2024 | 16:17
«Семей орманы» резерватының аумағына 70 мыңнан астам көшет отырғызылды
Фото: t.me/KZgovernment

Олжас Бектенов «Семей орманындағы» өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру жұмыстарын тексеріп, ағаштарды заңсыз кесуге қарсы күресті күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еске сала кетсек, былтыр 8 маусымда мемлекеттік резерват аумағында өрт шыққан болатын. Оның салдарынан 66 мың гектарға жуық орман қоры зардап шекті. Өртті сөндіру кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкері мен бір тракторшы қаза тапты. Апаттың ауқымы бойынша әлемдегі ірі өрттің бірі екені айтылды.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Семей орманы» резерватының аумағына 70 мыңнан астам көшет отырғызылған. Сондай-ақ, заманауи швед жабдықтары арқылы жеделдетілген технология бойынша жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттері өсіріледі. Бір жылда мамандар екі рет 3 млн көшетке дейін алады.

Сонымен қатар сау көшеттерді дің зиянкестерінің таралуынан және қурап жатқан орманның жаңа ошақтарының пайда болуынан сақтау және қорғау мақсатында өртенген сүрекдіңдер кесіледі. Күйген ағаштарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін өңірде дайын өнім – ЛБТ, АЖТ, ББТ, отын брикеттерін шығаратын ағаш өңдеу кешенін салуға 7,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінде Семей қаласының индустриалды аймағындағы 55 гектар жер телімін тіркеу рәсімі жүргізіліп жатыр. Бұл ретте өткен жылы табиғи резерват аумағында өз күшімен 38,3 мың текше метр жұмыр ағаш дайындалды. Жоба аясында 530 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы «Семей орманы» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Бүгінде ІІМ мен ҰҚК прокуратураның үйлестіруімен орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтады.

Өткен жылы алапат өрт болып, біз 66 мың гектар орман қорын жоғалттық. Бұл – бүкіл «Семей орманы» алқабының оннан бір бөлігі, сондықтан орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. ТЖМ және орман шаруашылығы құрылымдарын техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алынды. Аталған бағдарламаны жалғастырып, сіздерді заманауи техникамен қамтамасыз етеміз. Айтқым келген тағы бір маңызды мәселе – заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы. Олармен күресу керек. Сіздер олардың бар екенін менен жақсы білесіздер. Мен тіпті жекелеген қызметкерлерге заңсыз ағаш кесуге кедергі келтірмеу қаупі төніп тұрғанын білемін. Міне, мұнымен күресу керек. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі өте мұқият назар аударуы қажет. Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Мұнда бүкіл мемлекет күш салып, түбегейлі соққы беруі керек. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті, — деді Олжас Бектенов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама