Қырыққа жуық жеке сот орындаушы жауапқа тартылды
Қызылорда облысында алименттен жалтарғандар құмар ойындарға 250 млн теңге жұмсаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратура осы жылдың 6 айында алимент өндіру бағытында Әділет департаментіне және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына заңдылықтың бұзылуын жою туралы 12 ұсыну енгізді.
Нәтижесінде 155 жалғыз басты ананың пайдасына 91 млн теңге алимент өндірілді. Сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүрген 147 борышкер әкімшілік қамаққа алу және айыппұл салу түріндегі жазаға тартылды. Міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 39 жеке сот орындаушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратураның бастамасымен алимент төлеуден жалтарып жүрген 18 борышкерге қатысты ҚК-тің 139-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, оның 12-і қылмыстық жауаптылыққа тартылды. 9 борышкер сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасына сотталса, 3 іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар облыс прокуратурасы құмар ойындарға 250 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған 154 борышкерді анықтады. Борышкерлер алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін елемей, немқұрайлылық танытып, букмекерлік кеңселерде құмар ойындар ойнаған.
Мәселен, алимент бойынша 1 миллион теңге қарызы қалыптасқан тұрғын өзінің шотын 156 миллион теңгеден астам сомаға толықтырған.