Halyq Uni логотип
×

Құлсарыда 2,1 млрд теңге бөлінген әлеуметтік орталық жұмыс істемей тұр

Ғимараттың төбесі құлап, жиһаздары тозған

 Ербол Тұрымбет 26.07.2024 | 14:51
Құлсарыда 2,1 млрд теңге бөлінген әлеуметтік орталық жұмыс істемей тұр
Фото: "Әділдік жолы" РҚБ Атырау облыстық филиалы

Атырау облысының Жылыой ауданында жаңадан салынған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істемей тұр. 2,1 млрд теңге бөлінген әлеуметтік орталықтың төбесі құлап, ішіндегі жиһаздары тозған, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Әділдік жолы» РҚБ Атырау облысы филиалының басшысы Дариға Әлімова өңірдегі құрылыс нысандарымен танысу барысында Жылыой ауданындағы жаңадан салынған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының көп олқылығына куә болған. Жыл өтпестен сыр берген нысанның бүгінде төбесі түсіп, біраз мүлкі қолданысқа жарамсыз күйге түскен. Өзі көрген олқылықты түгел әлеуметтік желіде жазды.

Филиал жетекшісінің жазуынша, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов құрылыс жұмыстарының 2023 жылдың маусымында аяқталғанын, ал шілдеде тапсыруға дайын екенін баяндаған. Алайда, бір жылдан кейін, нейропсихиатриялық науқасы бар адамдарды шұғыл емдеу қажеттілігіне туғанына қарамастан, орталық есігі ашылмады.

Сөйтіп, «Әділдік жолы» РҚБ Атырау облысы бойынша филиалы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығына мониторинг жүргізеді. Бұл жобаға бюджеттен 2,1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Үш қабатты ғимарат 160 адамға арналған. Әр қабатта асхана мен жуынатын бөлмесі, орталықтың ауласында монша мен кір жуу кешені бар. Алайда мониторинг барысында жұмыстар жобаға сәйкес келмейтіні анықталған.

Мысалы, терезелер жаңаларына ауыстырылуы керек еді, бірақ оның орнына ескі терезелер ақ қағазбен жапсырылған. Ал бас ғимараттың 200 терезесін ауыстыруға 53,1 миллион теңге бөлініп қойған, - деп жазды Дариға Әлімова.

Сондай-ақ, жарияланған суреттерге қарағанда, минералды талшықты плиталармен қапталған төбесі қазірдің өзінде құлап жатыр. Душтың крандары жоқ, шкафтардың есігі салынбаған, кереуеттері жарамсыз. Сөйткен нысан құжат бойынша 2023 жылдың 28 желтоқсанында пайдалануға беріліп қойған.

Еске салсақ, бұған дейін “Әділдік жолы” РҚБ Алматы әкімдігі көше шамдарын 203 млн теңге қымбат бағаға сатып алғанын хабарлаған еді. Сондай-ақ ұйымның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы «Риддер орман шаруашылығы» КММ басшылығы қылқанжапырақты көшеттерді заңсыз сатып отырғанын мәлімдеді .

 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама