Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай ең төменгі жалақы мөлшері белгіленеді
Тиісті құжат 8 тамызға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрліктің мәліметінше, Заң жобасын қабылдау қызметкерлер мен олардың үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін ескере отырып, ең төмен жалақының тиісті деңгейін белгілеуге мүмкіндік береді. Ең төмен жалақы деңгейін белгілеу бөлігінде халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етіп, Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтауға және орындауға бейілділігін растайды.
Сондай-ақ, Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайтыны айтылды.
Айта кетсек, дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенция 1970 жылы 3 маусымда ХЕҰ Бас конференциясында қабылданған.
Қазір Конвенцияны ХЕҰ-ға 54 мүше мемлекет ратификациялады. Оның ішінде ТМД мемлекеттері арасында Армения мен Әзербайжан бар.
Конвенцияның мақсаты – жалдамалы жұмыс істейтіндердің барлық тобын қамтитын ең төмен жалақыны белгілеу. Ол экономикалық қызметтің барлық саласына және жұмыскерлердің барлық санатына қолданылады.
Ведомство Қазақстан Республикасының заңнамасы Конвенцияның ережелеріне сәйкес келетінін жеткізді.
Құжат 2024 жылғы 8 тамызға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.