БҚО-да ұсақ малдың жаппай қырылуына қатысты тексеру басталды
Жергілікті шопанның 38 бас қой-ешкісі қырылған
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық департаменті әлеуметтік желілерде малдың жаппай ауруға шалдығуы және қырылуы туралы жарияланымдарға қатысты тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 24 шілдеде сағат 6:00-ден бастап Казтлов ауылында қатты жаңбыр жауған. Шопан жайылымнан қойларын ауылға айдай алмай, Казталов ауылдық округіндегі Мышым қыстауына тастап кеткен. Салдарынан 25 шілдеге қараған түні 38 бас қой-ешкі қырылған. Сол күні ветеринарлық қызмет мамандары өлекселерді мал қорымына шығарды.
Аса қауіпті ауруларды болдырмау үшін өлген 2 бас қой мен 1 ешкіден патологиялық материалдар іріктеліп алынып, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық ветеринариялық зертханасына жіберілді. Талдау нәтижелері 5 тамызда дайын болады, – делінген комитет хабарламасында.
Құзырлы орган эпизоотиялық жағдай осы аумақтың ветеринариялық қызметінің бақылауында екендігін жеткізді.