«Әйелді хиджаб кимегеннен өлтіріп жатыр»: ІІМ танымал әншінің мәлімдемесінен кейін тексеріс бастады
Әншінің сөзі желіде халықтың сынына ұшырады
Ішкі істер министрлігі әнші Ұланғасыр Қамиевтің мәлімдемесін тексереді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін танымал әнші әйелдерді неліктен күйеуі өлтіретіні туралы ойын айтқан болатын.
Әншінің сөзі желіде халықтың сынына ұшырады. Ал Saida Kastaneda есімді Facebook қолданушысы әншінің сөздерін тексеруді сұрап Ішкі істер министрлігіне жүгінгенін жазды.
Бүгін е-өтініш арқылы Ішкі істер министрлігіне Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес, әлеуметтік және гендерлік араздықты қоздырғаны, әйелдерге өшпенділік тудырғаны және әйелдерді/қыздарды күйеуінің, бұрынғы күйеуінің, жігіті мен туыс ер адамдарының қолынан зорлықпен өлтірілгенін және дене жарақатын алғанын ақтағаны үшін мәлімдемесін тексеруді сұрап арыз жаздым, - деді Саида.
Бұл туралы nur.kz тілшісіне Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Өтініш тіркелді. Тексеріс жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша процесуалдық шешім қабылданады, - деп хабарлады ІІМ өкілдері.