Ұйымдастыру комитеті көшпенділер ойындарына дайындықты жалғастыруда
Кеше, 25 шілде күні V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция ойындарға келетін делагацияларды орналастыру және ойындар кезінде қонақүйлер қызметін жүйелеу бағыты бойынша атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Дирекция басшысы Наиль Нұров ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа Holiday Inn Express Astana-Turan қонақүйіндегі жұмыстарды таныстырды.
Жұмыс тобы қонақүйге кіретін бағыттардан бастап, көшедегі навигация көрсетілімі, көліктер мен автобустарды ойындар стилінде безендіру, қонақ үйлердегі волонтерлар қызметін, қонақ үйде делегация мүшелері орналасатын бөлмелер мен ас мәзірімен таныстырды.
Арнайы штаб қонақ үй мәселесімен танысқан соң, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе жек сарайына барды.
Штаб мүшелері Жекпе-жек сарайындағы жиынды автотұрақ алаңының жұмысымен танысудан бастады. Жауапты мамандар объектіге кіруді басқару және бақылау жүйесін, билеттерді тексеру қызметін, аккредитация (бейдж) мен билеттердегі QR кодтар арқылы көрермендерді кіргізу жұмыстарының қалай жүргізілетінін пысықтады.
Айта кетейік, 8-13 қыркүйек аралығында Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – көшпенділердің Орталық Азиядағы дәстүрлеріне негізделген этникалық спорт түрлерін көрсететін бірегей халықаралық спорттық шара. Ол этноспорт пен этномәдени қозғалыстың дамуына ықпал етіп, оларды адамзат өркениетінің маңызды бөлігі ретінде дәріптейді.
Ойындарға әлемнің шамамен 100 елінен 2 500-дей адам қатысып, 100 мыңнан астам отандық және шетелдік турист тамашалайды деп болжанып отыр.