Олжас Бектенов ферроқорытпа зауытындағы апат себептерін анықтауды жеке бақылауына алды
Премьер-министр қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты
Олжас Бектенов Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы ТЖ салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы қайғылы оқиға салдарынан адамдардың қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Оқиғаның себептерін анықтау менің жеке бақылауымда. Қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті қолдау көрсетіледі, – деді Олжас Бектенов.
Айта кетсек, Қарағанды ферроқорытпа зауытында апаттың себептерін тергеу жөнінде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, балалары бар қаза тапқандардың отбасына асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты республикалық бюджеттен жәрдемақы және МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Қаза тапқандардың отбасы сақтандыру ұйымынан төлемдер және БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем алады.
Сонымен қатар жұмыс беруші компания жерлеу рәсімінің барлық шығынын, сондай-ақ келесідей міндеттемелерді өз мойнына алды:
- қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беру;
- қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесу;
- қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелерінің барлық несиесін толық өтеу.