Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет «Қазпошта» АҚ қызметіне тексеру жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратураның мәліметінше, жолданымдарды тіркемеудің 10 мыңнан аса фактісі, 2 мыңға жуық құқықтық статистиканы бұрмалау, 249 жолданымды уақтылы тіркемеу, өтініштерді қарау мерзімдерін бұзудың 94 дерегі және өзге де кемшіліктер анықталған.
Сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ пайдаланатын электрондық құжат айналымы жүйесін құжаттау, пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық актілер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты.
Комитет және оның аумақтық органдары заңдылықтың бұзылуын жою туралы 21 ұсыну енгізіп, 20 әкімшілік іс қозғады. Қадағалау актісімен 48 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке және 20-сы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына хабарланбаған бөтеннің мүлкін ұрлау, сондай-ақ алаяқтық фактілері анықталды. Осылайша аталған қылмыстық құқықбұзушылықтар есепке алынбай, олар бойынша процестік шешім қабылданбаған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұл ретте «Қазпошта» АҚ филиалдары арқылы жіберілген сәлемдемелерді ұрлаудың 3 фактісіне, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді төлеу үшін қабылданған қаражатты ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысындағы «Қазпошта» АҚ кассирлері 84 млн теңге мемлекеттік бажды жымқырғанын хабарлаған болатынбыз.