Су тасқыны: Үкіметтен бөлінген ақша өтемақыға өтініш бергендердің үштен біріне ғана жеткен
Бюрократия мәселесі тұрғындар арасында наразылық тудырып отыр
Төтенше жағдайдан зардап шеккен халық пен бизнеске келтірілген залалды өтеу кезінде туындаған проблемалар вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалымен өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жиында өкілетті министрліктерге зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібін қайта қарау тапсырылды.
Экономика министрлігінің деректері бойынша, кәсіпкерлерден жалпы көлемі 3,4 млрд теңгеге 291 өтінім келіп түскен. Қазір Үкімет резервінен қаражат бөлінсе де, өңірлердегі өтініш берушілердің үштен біріне ғана жеткен.
Осыған байланысты вице-премьер бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды, оның ішінде АӨК кәсіпкерлеріне келтірілген залалды өтеуді тапсырды.
Мұндай бюрократия тұрғындар арасында наразылық тудырады. Осы жағдайды анықтау үшін бұл істі қолға аламын. Біз су тасқыны туралы емес, су тасқыны мысалында әрекет ету жүйесінің дайындығы туралы айтып отырмыз. Біз ТЖ-ға тез ден қойып, зардап шеккен азаматтар мен ШОБ үшін қажетті көмекті жедел жеткізуіміз керек. Жұмыс тобын құрып, барлық рәсімдерді жеңілдетіңіздер, — деді премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, су тасқыны кезінде техниканың жетіспеушілігі мәселесі туындап, оны басқа облыстардан жеткізген жағдайлар кездесті.
Бірқатар өңірде әкімдер қолда бар автопарк саны туралы ақпаратты білмеген, сондықтан арнайы есепке алуды жолға қою қажет. Көлік министрлігі осы талқылауды ескере отырып, техниканы, оның ішінде жеке ұйымдармен тиеу, жеткізу және түсіру алгоритмін пысықтауы қажет. Оларды ТЖ аймақтарына тарту және жеткізу үшін шығындарды өтеу тетігін көздеу керек. Мұның бәрін заңнамалық тұрғыдан реттеп, бір ай мерзімде келісілген ұсыныстар енгізу қажет, — деді Қанат Бозымбаев.
Бұған қоса, ТЖ кезінде азаматтардың мүлкін сақтандыру мәселелері және апаттар облигациясын шығару мүмкіндігі қаралды. Вице-премьер Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне ҚНРДА және АХҚО-мен бірлесіп, 1 ай мерзімде апатты бондтар шығару және мүлікті сақтандыру бойынша қажетті есептеулер жүргізуді тапсырды.
Сонымен бірге облыс әкімдіктеріне су тасқынының алдын алу шараларын қамтамасыз етіп, барлық гидротехникалық және қорғаныс құрылыстарын тексеріп, айналма арналарды дайындау тапсырылды. Ал, Қаржы министрлігіне әр өңірде тұрақты, азаймайтын, келесі жылға ауысатын және тек төтенше жағдайларда қолданылуы керек төтенше резерв құру жөнінде ұсыныстар енгізу міндеттелді.