Түріктер Қазақстанда құны 15 млн доллар көкөніс қоймасын салады
Сондай-ақ, сірке суы мен көкөніс консервілерін өндіруді жолға қоймақ
Түрік компаниясы Қазақстанда 5 мың тоннаға көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен түрік компаниясының басшысы Ылыджа Мустафамен кездесу барысында белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Saraylım Tarım» елімізде қуаттылығы 5 мың тонна болатын көкөніс қоймасын салуға ниеттеніп отыр. Жобаның құны – шамамен 15 млн доллар. Сондай-ақ, сірке суы мен көкөніс консервілерін өндіруді жолға қоймақ.
Ылыджа Мустафа жоба Алматы облысында іске асырылатынын, оған қазақстандық серіктес анықталғанын жеткізді.
Айта кетсек, «Saraylım Tarım» – Түркияда жемістер мен көкөністерді сақтау саласында жетекші компания. Кәсіпорын қоймаларының сыйымдылығы жылына 14 мың тонна жеміс-жидек болса, өңдеу қуаттылығы – жылына 35 мың тонна. Оның өнімдері әлемнің 18 еліне экспортталады.