Qarmet-тен жанармай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Ақмола облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы «Qarmet» АҚ кәсіпорны аумағынан ұзақ уақыт бойы жанар-жағармай материалдарын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Олардың кесірінен кәсіпорынға 50 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Сондай-ақ, «Qarmet» АҚ қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, кәсіпорын қызметкерлерінің, оның ішінде күзет қызметінің жанар-жағармай жымқыруға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тінту іс-шаралары барысында ұсталғандардан 5,5 тоннаға жуық дизель отыны, ірі көлемде қаражат және іс бойынша өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Күдіктілердің бәрі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ішкі істер министрлігі «Qarmet» АҚ-дан аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдікпен қылмыстық топтың екі мүшесіне іздеу жариялаған болатын.