БҚО-дағы жылу магистральдарын реконструкциялауға 4,9 млрд жуық теңге бөлінді
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды
Үкімет БҚО-дағы жылу магистральдарын реконструкциялауға 4,9 млрд-қа жуық теңге бөлді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаражат «қызыл аймақтағы» 19 жылу көзінің тізбесіне кіретін Орал қаласындағы екі жылу магистралін реконструкциялауға бөлінеді. Жөндеу жұмыстары екі жоба бойынша іске асырылады.
Оралдағы ұзындығы 1,6 шақырым болатын ТМ-5 жылу магистралі 1987 жылы пайдалануға берілген, ол 80%-ға тозған. Жөндеу жұмыстарына 574 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Екінші жоба 4 шақырым ТМ-2 жылу магистралін реконструкциялауды қамтиды. Оның тозу деңгейі – 75%. Жобаны 4,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Екі учаскеде де күрделі жөндеу бұрын-соңды жүргізілмеген.
Бөлінген қаражат 106 көпқабатты үй мен 20-ға жуық әлеуметтік нысанды, яғни 24 мың абонентті, балабақшалар, мектептер, колледждер, ауруханалар мен емханаларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.