Жолаушыларды пойызға билетсіз мінгізген жолсеріктер жұмыстан шығарылды
Ішкі тексерулер елдің барлық вокзалдарында өтіп жатыр
«Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-да билетсіз жолаушыларды тасымалдау және жол жүру құжаттарын заңсыз сату фактілеріне қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, ішкі тексеру барысында Алматы-2 теміржол вокзалында билеттерді заңсыз қайта сатып, жасанды тапшылық жасаған қызметкерлер анықталған.
Сондай-ақ, Шымкент станциясындағы тексерулердің бірінде билетсіз жолаушыны тасымалдау фактісі анықталды. «Шымкент – Астана» пойызының жолсеріктері ресми түрде билет сатып алмаған адамды ақша үшін алып жүруге келіскен.
Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша пойыз бастығы мен жолсерік жұмыстан шығарылды, ал екінші жолсерік пен Шымкент станциясы учаскесі бастығының орынбасарына қатаң сөгіс берілді, – делінген ҚТЖ хабарламасында.
Ішкі тексерулер елдің барлық вокзалдарында өтіп жатыр.
Ұлттық тасымалдаушы азаматтарды @jolaushylar_tasymaly парақшасына немесе +7 776 714 5686 ватсап-нөміріне фото -, аудио -, бейнематериалдар ұсына отырып, жолаушыларды билетсіз тасымалдау және билеттерді заңсыз қайта сату фактілері туралы хабарлауға шақырады.