×

Маңғыстауда мұнай компанияларының басшылығы ұсталды

Күдіктілер мердігерлерге нақты көрсетілмеген қызметтер үшін ақша аударған

 Динара Амантай 24.07.2024 | 13:01
Фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысында мұнай сервистік компаниялары басшыларын ұстау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС мердігер компанияның шығыстарын өтеу үшін бюджет есебінен 700 млн теңгеден астам қаражат бөлген. Сондай-ақ, мердігерлерге нақты көрсетілмеген көлік қызметтері үшін 2,2 млрд теңге аударған.

Аталған бұзушылықтар бойынша 2024 жылы 10 шілдеде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша («Аса ірі мөлшерде жымқыру») сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұған қоса, 2024 жылы 22 шілдеде «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ еншілес ұйымының 11 млн теңгесін жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Кеше «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің бұрынғы басшысы ұсталды. Сонымен бірге, қаражатты жымқыру фактісі бойынша ҚК-нің 189-бабымен бұған дейін басталған сотқа дейінгі тергеп-тексерулер бойынша «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, мердігер ұйымдардың 2 өкілі ұсталды.

Прокурорлық тексеру басталғалы бері 19 сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бюджет қаражатын жымқыру және талан-таражға салу фактілері бойынша тергеу аясында 8 адам, оның ішінде «Қазмұнайгаз «ҰК» АҚ еншілес компанияларының басшылық лауазымдағы 4 қызметкері ұсталды.

Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жария етілмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама