×

Қазақстанның жамбышылары Көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр (ФОТО)

Бас бапкер басты қарсыластарды атады

 Халық үні 24.07.2024 | 11:41
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Еліміздің үздік жамбы атушылары Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр. Алматы облысында ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жамбы атудан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашевтың айтуынша, дайындық биылғы жылдың басында басталған. Жаттығуға спортшылардың екі құрамы қатысып жатыр.

Бұл біз өткізетін оқу-жаттығу жиындарының үшінші кезеңі, алда тағы бір кезең бар. Жаттығу жиынына біздің ең мықты спортшыларымыздың екі құрамы қатысады. Қазір біз 70-80% дайынбыз, әлі де жұмыс істеу керек. Қазір біз жылқыларды спорттық дайындаумен де айналысамыз. Бізге Моңғолия, Араб елдері, Индонезия, Малайзия, Венгрия өкілдерін мықты қарсылас болады деп атай аламын, - деді бас бапкер.

Көшпенділер ойындарына қатысатын жамбы атушылардың қатарында спортшы Ералхан Айкөз бар.

Күн сайын дайындаламыз, дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында лайықты өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғаймыз деп сенемін, - дейді спортшы.

Еске салсақ, жамбы ату - шауып келе жатқан ат үстінде белгілі бір қашықтықтағы нысананы ұлттық садақпен ататын спорт түрі. Бұл спорт ат сүтінде санаулы секундта шапшаңдықпен және дәлдікпен садақ ату қажет етеді. Бүгінде Қазақстанда жамбы атудан әуесқой деңгейде 134 адам айналысады. Бұған қоса кәсіби түрде айналысатын 13 спортшы бар. Айта кетейік, Жамбы ату федерациясы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, садақ ату, құсбегілік, асық ату, теңге ілу, «JORYQ» және т.б. федерациялар бар. 

Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы отандық асық атушылар мен садақ атушылардың V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатқанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда Алматыда дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың көшпелі оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Сондай-ақ асық ату мен бес асықтан Қазақстан ұлттық құрама Бурабайда дайындалып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама