2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Жетісу облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері жауапкершілікке тартылды. Бұл шара Жоғары аудиторлық палата мамырда жүргізген тексерістен кейін қабылданған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Палата мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігіне тексеріс жүргізген. Соның барысында абаттандыру және инженерлік желілер бойынша жұмыстардың кешіктірілуіне байланысты тұрғындар дайын үйге қоныстана алмағаны анықталды.
Салдарынан Панфилов ауданында төрт 60 пәтерлі және екі 80 пәтерлі тұрғын үй 1,5 жылдан астам уақыт бос тұр. Олардың жалпы құны – шамамен 5,8 млрд теңге.
Аудит қорытындысы бойынша облыс әкіміне заңнаманы бұзған адамдарды жауапкершілікке тарту тапсырылған. Нәтижесінде 2 адам қызметінен босатылды, тағы 6 адам сөгіс алды, 2 адамға ескерту жасалды.
Сонымен қатар 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.