600-ден астам кірме теміржолы мемлекет меншігіне берілді
Министрлік тиісті жоспарды бекітті
Кірме жолдарды мемлекеттік меншікке беру рәсімі аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 600-ден астам кірме теміржолы «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның сенімгерлік басқаруына берілген. Кірме жолдарды техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сәйкес оларды жөндеп, қалыпқа келтіру жоспары бекітілді.
Шамамен 22 мың шпал, 42 мыңнан астам теміржол төсемі мен 3 мыңға жуық брус және басқа материалдар ауыстырылды. Бұдан басқа, «TUVRheinland» халықаралық компаниясымен жасалған шартқа сәйкес, «КСО» АҚ сапа менеджменті, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі жүйелері бойынша алғаш рет сертификатталды, – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетсек, «КСО» АҚ акцияларының жүз пайыз пакеті мемлекеттік меншікте. Бұл компания жылжымалы құрамның өтуі, маневрлік жұмыстар, тиеу-түсіру, сондай-ақ жылжымалы құрамның тұрағы үшін кірме жолдарды ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді.