×

Алматыда көршілер жерге таласып жатыр

Автотұрақ пен жолға шығатын жердің меншікке берілуіне тұрғындар наразылық танытты

фото: ашық дереккөзден

Алматыдағы «Хуторок» коттеджі қалашығының тұрғындары арасында жер дауы туындады. Ауладағы көлік қоятын әрі үлкен жолға шығатын жер сондағы тұрғындардың бірінің жекеменшігі екенін өзгелер кейін білген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді жер иесі коттеждердің қауіпсіздігі үшін салынған қоршауды бұзуды ұйғарған. Бірақ бұл әрекетке Хутороктың өзге тұрғындары қарсы. Көршілер тіпті жаға жыртысуға дейін барды. Бұл жер ерлі-зайыпты Черядниковтарға тиесілі. Меншік иесі мен көршілер арасында келіспеушілік туындап, жылдар бойғы өкпе-наздың соңы өшпенділікке әкелген. Ал бүгін жанжал төбелеске ұласа жаздады. Жер иесі қалашықтың қоршауын ешкімге ескертпей бұзуға кіріскен. Меншік иесінің өкілі «Бұл жер телімі жекеменшікте. Сондықтан қоршауды бұзу өз еркінде», – деп жағдайды түсіндірмек болды.

«Бұл жер Черядникованың меншігі саналады. Заңға қайшы келмесе, кез келген жұмысты істеуіне құқы бар. Қазіргі уақытта сотта Пәтер иелері кооперативіне қатысты жер телімін пайдалану құқығын шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Пайдалануды шектеу құқығы бойынша өзге тұрғындар біздің аумақпен еркін өтуі туралы сұрай алады. Бірақ жерді қалай пайдалану мәселесіне араласа алмайды», - дейді заңгер Нұрсұлтан Нұрлан.

 Ал айтылған талаппен тұрғындар мүлде келіспейді. Бірнеше жыл бұрын осы қалашықтан үй сатып алғанда құжатта бұл жер ортақ деп көрсетілген екен.

«Бізбен алдын ала ешқандай келіссөз, ұсыныс, жиналыс болған жоқ. Тұрғындар осы жерге көшіп келгенде аумақ жалпыға ортақ саналатын. Сол құжатта көлік тұрағы мен жолдың нақты сызбасы көрсетілген. Соған қарап көбісі осыннан пәтер алды», - дейді қала тұрғыны Екатерина Граб. Көршілердің арасындағы дау сотта қаралады. Жанжалға жергілікті әкімдік қызметкерлері араласты. Бұзылып жатқан қоршаудың жанында магистральді газ құбыры бар. Сондықтан қандай да бір құрылыс әрекетін жасамас бұрын меншік иесі газ қызметі мен қалалық жер қатынастары басқармасынан рұқсат алуы керек еді.

«Меншік иесі жер телімі шекарасы белгіленген құжатын көрсетуі керек. Екіншіден, қоршаудың ар жағында жоғары қысымды газ магистаралі өтіп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында әрі жағдай анықталмайынша, қоршауды бұзуға тыйым салып, жұмысты уақытша тоқтаттық», - деп көрсетті Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Ренат Сейдраманов.

 Көршілердің арасындағы жер дауы қанша уақытқа созылары белгісіз. Әзірге жартылай бұзылған қоршау уақытша мәміленің белгісіндей болып тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама