Олардың жұмысына нарызылық көп болған
Елімізде аудан әкімдері тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақмола облысына қарасты Ерейментау және Жарқайың аудандарының басшылығына қатаң сөгіс жарияланды, деп мәлімдеді облыс әкімдігі.
Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатовқа қоқыс шығару бойынша жұмыстың тиісті деңгейінде жүргізілмегені үшін қатаң сөгіс жарияланды, - деді Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан орталығының көшелерінде егеуқұйрықтар мен антисанитарияның орын алуымен жағдай ушығып кетті. Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ауданды абаттандыру жөніндегі тікелей тапсырмасына да, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі бірқатар жарияланымнан кейін де аудан әкімдігі тарапынан тиісті назар аударылмады. Облыс әкімінің өкімімен Нұрлан Мұқатовқа тәртіптік жаза қолданылды.
Сондай-ақ, Жарқайың ауданының әкіміне қатаң сөгіс жарияланды.
Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитовке Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың су тасқынының салдарын жою жөніндегі бірқатар тапсырмасын тиісінше орындамағаны үшін қатаң сөгіс жарияланды, – деп толықтырды ведомство.
Жарқайың ауданының әкімдігі белгіленген мерзімде пәтерлер мен үйлер сатып алу, сондай-ақ су тасқынынан келтірілген мүліктік зиян үшін өтемақы төлеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды аяқтамады, тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттарды уақытында қалпына келтіру мен рәсімдеуді қамтамасыз етпеді, соның салдарынан зардап шеккен отбасыларға үй сатып алу мерзімдері өзгерді. Халықпен жүргізілетін алдын алу жұмысының осалдығы тұрғындардың наразылығына әкелді. Облыс әкімінің өкімімен Жанболат Хамитов тәртіптік жазаға тартылды.