Halyq Uni логотип
×

Талдықорғанда ақша жымқырған 21 есепші сотталды

Олардың біріне қатысты іс қайтыс болуына байланысты тоқтатылды

 Динара Амантай 23.07.2024 | 12:29
Талдықорғанда ақша жымқырған 21 есепші сотталды
Фото: Halyq Uni

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бюджет қаржысын аса ірі мөлшерде жымқырған, заңсыз заңдастырған, ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық жасаған Талдықорған қаласы білім бөлімінің және мектептерінің 21 есепшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, қалалық білім бөлімінің бас есепшісі 3 жыл бойы осы бөлімнің 7 қызметкері мен орта мектептердің 14 есепшісінен тұратын қылмыстық топ ұйымдастырған. Олар алдын ала сөз байласу арқылы іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлерге және мұғалімдерге тағайындалған лауазымдық жалақыларынан бөлек жалақы есептеу арқылы 4,5 млрд теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған.

Ұрланған қаржыны сотталушылар туыстарының банктік шоттарына аударып, содан кейін өз араларында бөлген. Аталған қаражатқа жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін, автомобильдер, зергерлік бұйымдар және тағы басқа сатып алынған.

Сотталушылардың кінәсі олардың айғақтарымен, сондай-ақ куәгерлермен, мамандардың және сот сараптамаларының қорытындыларымен, қылмыстық істің басқа да материалдарымен расталады. Айта кетсек, сотталушылар кінәсін тек жымқыру бөлігінде мойындаған, қалған бөлігінде оларды ақтауды сұрады.

Қылмыстық істің бас фигуранттары С., М., Н. 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал 15 сотталушы 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 2 сотталушы келтірілген залалды толық өтеуіне байланысты шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бір есепшіге қатысты қылмыстық іс оның қайтыс болуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды, – делінген сот хабарламасында.

Сотталғандардың 3 млрд теңгеден астам қаражаты, зергерлік бұйымдары, жылжымайтын және жылжымалы мүлкі тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама