Егін жинау кезеңінде астық қабылдау кәсіпорындарына үздіксіз жұмыс істеу міндеттелді

Динара Амантай

Премьер-министр АШМ мен әкімдерге бірқатар тапсырма жүктеді

Фото: Halyq Uni

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Олжас Бектенов Жол картасының индикаторларына қол жеткізу бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан былай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің көрсеткіштері Жол картасын іске асыру сапасына байланысты болады. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін жыл сайын 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу тапсырылды.

Егін орағы басталғанға дейін астық қабылдау кәсіпорындары жаңа өнімді қабылдауға толық дайын болуға тиіс. Бұл ретте егін жинау кезеңінде астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс істеуі қажет.

Салаға инвестициялар тарту жөнінде шаралар қабылданып, басымдық берілген инвестициялық жобалардың іске асырылуына сапалы мониторинг пен бақылау қамтамасыз ету тапсырылды.

АӨК қолдау бойынша жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар агротехнологияларды жақсартуға, ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуын азайтуға, су және жер ресурстарын ұтымды әрі тиімді пайдалануға әрі ауыл шаруашылығы саласында цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталуға тиіс.