Орталық Азиядан 10 жоба Кремний алқабында оқиды
Олар Alchemist Accelerator бағдарламасымен іріктелген
Орталық Азия елдерінен үздік он стартап Кремний алқабында бірегей оқу мүмкіндігіне ие болды. Олар Alchemist Accelerator бағдарламасы бойынша іріктеп алынған. Оқыту осы жылдың 12 тамызында басталып, қазанның соңына дейін 10 аптаға созылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
AlchemistX – корпоративтік инновациялар мен мемлекеттік қызметтерді қолдайтын Alchemist Accelerator бөлімшесі. Ол он жылдан астам уақыттан бері әлем бойынша сәтті стартаптардың негізін қалаушылар мен кәсіпкерлерді қолдап келеді. Бағдарлама B2B стартаптарын дамытуға бағытталған. Оларға өсу және жаһандық нарыққа шығу үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады.
Бұған дейін Astana Hub және Silkroad Innovation Hub ЦДИАӨМ, Дүниежүзілік банк және FPIP жобасының қолдауымен AlchemistX және Кремний алқабында резиденттік бағдарламасын іске қосқан болатын. Бұл Кремний алқабында өтетін 5 айлық интенсивті бағдарлама болашағынан үміт күттіретін стартаптардың АҚШ нарығына сәтті шығуына қолдау көрсетуге бағытталған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бағдарлама қатысушыларына клиенттермен алғашқы келісімшарт жасауға, инвестициялар тартуға, клиенттердің қажеттіліктерін зерттеуге, тәжірибелі спикерлер мен менторлармен жұмыс істеуге, АҚШ-та тұрғын үймен қамтамасыз етуге және Silkroad Innovation Hub қауымдастығы мен Alchemist Accelerator-ға қол жеткізуге жәрдем береді.
Бағдарлама Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Моңғолия, Әзербайжан және Грузиядан келген B2B стартаптарына арналған. Қатысушы стартаптар Қазақстанда немесе АХҚО-да заңды түрде тіркелген әрі клиенттік базасы және ағылшын тілін еркін меңгерген болуы керек.
Айта кетейік, Alchemist Accelerator бағыты үшін он жоба таңдалды. Ал Silicon Valley Residency бағдарламасының қатысушылары әлі қорытындыланып жатыр.