Қалған бөлігі жылдың соңына дейін аяқталады
Бүгін Талдықорған қаласын Қызылағаш ауылымен байланыстыратын ұзындығы 38 шақырым болатын жаңа төрт жолақты жол ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қазавтожол» ҰҚ» АҚ мәліметінше, учаскенің 32 шақырымы бірінші техникалық санатқа жатады. Бұл транзиттік дәліз Орталық Азия мен Қытайды Ресейдің шығыс аймақтарымен және Қиыр Шығыспен байланыстырып, сауда-экономикалық қатынастарға жаңа мүмкіндіктерді ашпақ.
Сондай-ақ, ұзындығы 768 шақырым болатын «Талдықорған – Өскемен» автожолының қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Құрылыс жұмыстарына 5 асфальтбетон зауыты, 490 жол-құрылыс техникасы мен 600-ден аса маман жұмылдырылған. Жетісу облысында 22 көпір, 54 малөтекел мен 3 транспорттық жол айрығы, сондай-ақ кәріз жүйесі үшін 323 суөткізгіш құбыр салу жоспарланып отыр.
Халықтың қолайлы қозғалысы үшін 12 демалыс орны мен 10 заманауи санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланған. Оның төртеуі пайдалануға берілді.
Жолдың қалған бөлігі кезең-кезеңімен жылдың соңына дейін аяқталады деп күтіледі.