Су тасқыны: БҚО-да салынып жатқан үйлер күзде пайдалануға беріледі
400-ге жуық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр
Үкімет басшысы Олжас Бектенов батыс өңіріне жұмыс сапарымен барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердегі құрылыс жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, Теректі ауданындағы Подстепное ауылында, Деркөл кентінде және Орал қаласындағы «Жұлдыз» ықшамауданында 400-ге жуық тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Теректі ауданы Подстепное ауылында 3 бөлмелі 106 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Нысандарға 8 мердігер ұйым, оның ішінде 330 адам және 56 техника жұмылдырылған. Тұрғын үйлер тамыздың ортасында пайдалануға беріледі деп күтіледі. Деркөл кентінде 103 тұрғын үй салынып жатыр. Қазір іргетас қалау жұмыстары толығымен аяқталып, 24 нысанда ішкі әрлеу жүргізіліп жатыр. Оған 5 мердігер ұйым жұмылдырылған. Орал қаласының «Жұлдыз» ықшамауданында 17 мердігер мекеме 191 үйді салып жатыр. Құрылыс биылғы қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған.
Премьер-министр құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық жұмыс кестесіне көшу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар инженерлік желілерді, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берілді.
Айта кетсек, жаңа тұрғын аудандардың жанында 1 500 орынға арналған «Жайлы мектептердің» құрылысы жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар биылғы күзде аяқталады.