Педагогтер мен оқушылар ЖИ-ді қолдану және бағдарламалау дағдыларын меңгереді
Пилоттық жобаға 27 мыңнан астам оқушы қатысады деп күтіледі
Оқу-ағарту министрлігі ЦДИАӨМ, «Astana hub» халықаралық технопаркімен және «Өрлеу» БАҰО АҚ-мен бірлесіп оқушылар мен педагогтерге арналған бағдарламалау негіздерін оқытатын онлайн-білім беру платформасының пилоттық жобасын іске қосты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жобаның бастапқы кезеңінде 300 мұғалім мен тренер «Жасанды интеллект» және Game Development бағыттары бойынша біліктілігін арттырып жатыр. 6 айға жоспарланған курстар биыл 31 желтоқсанда аяқталады. Оқу аяқталған соң, әрбір қатысушыға сертификат беріліп, олар әрі қарай оқушылар мен педагогтерді бағдарламалау негіздеріне оқыту мүмкіндігіне ие болады.
Пилоттық мектептердің білім алушылары бағдарламалау негіздері бойынша биыл шілде-желтоқсан аралығында онлайн режимде «No Code», «Low Code» және «Startup Academy» курстарынан және офлайн 2025 жылдың қаңтарынан бастап бағдарламалау негіздері бойынша оқиды. Қазір Astana Hub платформасында білім алушыларды онлайн тіркеу жүріп жатыр. Әр оқушыға құпия сөз бен логин беріледі, оның көмегімен олар модульдерді игеріп, тапсырмаларды орындап, тестілеуден өте алады. Барлық модульдерден сәтті өткен білім алушыларға курсты аяқтағаны туралы сертификат беріледі, бұл IT-өнімдерді жасауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Гүлнар Таласбаева.
Айта кетсек, курсқа қатысушылар оқу уақытын өздеріне қолайлы етіп өзгерте алады. Кез келген сабақта бейнедәріс, қосымша материалдар және тест тапсырмалары қарастырылған. Пилоттық жобаға 27 мыңнан астам оқушы қатысады деп күтіледі.