Мектеп директоры қарамағындағыларды өзіне салынған айыппұлды төлеуге мәжбүрлеген
Мектеп басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Маңғыстау облысында ұстаздардан ақша жинап келген мектеп басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мұнайлы ауданы прокуратурасының мәліметінше, «№3 арнайы мектеп» КММ тексеру барысында мектеп басшылығы ай сайын «Kaspi bank» және «Halyk bank» мобильдік қосымшалары арқылы қарамағындағы қызметкерлерден ақшаны заңсыз жинап отырғаны анықталды.
Бұған қоса, формальды бұйрықтар шығару және жеке азаматтарға артық сыйақылар есептеу арқылы қаражатты заңсыз аудару фактілері әшкереленді.
Сондай-ақ, мектеп директоры өз қарамағындағыларды өзіне салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуге мәжбүрлеген.
Аталған арнайы мектептің лауазымды азаматтарына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісіне қатысты ҚК 361-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген прокуратура хабарламасында.