×

Қарағанды зауытындағы апаттан зардап шеккен жұмысшылардың халі белгілі болды

Барлығы сегіз адам түрлі жарақат алған еді

 Қымбат Елтайқызы 20.07.2024 | 12:41
фото: kazchrome.com

Қарағанды ферроқорытпа зауытында апат болды. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

2024 жылдың 20 шілдесінде таңғы сағат 04:10-те YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. №1 пештен кенеттен жалын шығып, салдарынан кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алды, деп мәлімдеді YDD Corporation баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта зардап шеккен жұмыскерлердің барлығы ауруханаға жеткізіліп, оларға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Компания зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуде және аурухананың медициналық қызметкерлерімен үнемі байланыста, – деді YDD Corporation.

Бұған қоса, Еңбек инспекциясы Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы факт бойынша болған оқиғаның себептері мен мән-жайын тексеру үшін комиссия құрды.

Сондай-ақ, Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, Қарағанды ферроқорытпа зауытында болған оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы 2-тармағына (Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тиісті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән жайы анықталуда.

«2024 жылғы 20 шілдеде профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға өндірісте алған күйік жарақаттарымен 8 адам жеткізілді. Алты зардап шегуші жансақтау және қарқынды терапия бөліміне, екеуі комбустиология бөліміне жатқызылды. Бес зардап шегушінің жағдайы өте ауыр, екеуінің жағдайы тұрақты, бір пациенттің жағдайы орташа деп бағаланды. Зардап шеккендер бейінді мамандардың бақылауында. Қосымша тексерулер жүргізілді. Пациенттердің барлығы қажетті емді толық көлемде алып жатыр», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама