Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтеді
Оған жүздеген шахматшы қатысады
Елордада шахматтан клубтық әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астанада Қазақстанның шахмат федерациясы 1-6 тамыз аралығында ФИДЕ қамқорлығымен рапид пен блицтан клубтық әлем чемпионатын өткізеді, деп мәлімдеді елорда әкімдігі.
Турнирге әртүрлі елден 30-дан астам клуб қатысады, қатысушылар саны – 300-ге жуық. Олардың арасында қазіргі әлем чемпиондары Дин Лижен (Қытай), Джу Вэньцзюнь (Қытай), шахматтан 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия), бұрынғы әлем чемпионы Александра Костенюк (Швейцария), Хоу Ифань (Қытай), әлемнің вице-чемпионы Ян Непомнящий (Ресей), Арджун Эригаси (Үндістан), 2022 жылғы шахмат олимпиадасының жеңімпазы Нодирбек Абдусатторов (Өзбекстан) және әлемнің басқа да көптеген шахматшысы бар.
Әлем чемпионатынан дүние жүзіндегі ең ірі ақпарат агенттіктері хабар таратады әрі оларды әлемнің 200-ден астам елінен келген шахмат әуесқойлары бақылайды, – деп толықтырды ведомство.
Әлем чемпионаты қатысушылар мен көрермендер үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін бас қаланың ең ірі және заманауи көрме орталықтарының бірі – Астананың Конгресс-орталығында өтеді.
FIDE World Team Rapid and Blitz Championships ашылу салтанаты 1 тамызда елорда амфитеатрында ұйымдастырылады. Ол 45-ші шахмат Олимпиадасының алауын жағу рәсімімен біріктіріледі.
Чемпионат екі жарыстан тұрады – рапид пен блиц. Турнирдің жалпы жүлде қоры 350 000 еуроны құрайды, оның 250 000 еуросы рапидке, ал 100 000 еуросы блицке жұмсалады.