Halyq Uni логотип
×

Қазақстандық спортшылардың Көшпенділер ойындарына дайындығы қалай?

Қазір ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары жүріп жатыр

 Халық үні 18.07.2024 | 17:28
Қазақстандық спортшылардың Көшпенділер ойындарына дайындығы қалай?
Фото: Halyq Uni

Қазақстандық спортшылар Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып, ұлттық спорт түрлерінен оқу-жаттығу өткізіп жатыр, деп хабардайды Halyq Uni.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында Бурабайда тоғызқұмалақ пен мангаладан оқу-жаттығу жиыны өтті. Оқу-жаттығу жиыны аясында спортшылар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жолдамасын сарапқа салып жатыр. Жарыс қорытындысы ерлер арасында 2, әйелдер арасында 2 жолдама беріледі. Сондай-ақ мангала бойынша да ДКО-ға қатысу үшін ерлер арасында 2, әйелдер арасында 2 жолдама сарапқа салынады, – деді тоғызқұмалақтан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Айнұр Жақапбаева.

Осы оқу-жаттығу жиынына тоғызқұмалақ пен мангаладан Қазақстан чемпионатында 1-4 орын алған спортшылар қатысады.

Сондай-ақ асық атудан Қазақстан ұлттық құрамасы Шолпан-Атада оқу-жаттығу жиынын өткізді.  Сондай-ақ Қазақстан құрамасының спортшылары Ыстықкөлде өткен VIII Халықаралық «Қырғызстан бермети» спорт фестиваліне қатысып, қырғыздың Ордо ойыны бойынша жарыстан қола медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ қазақ күресінен Қазақстанның атынан қатысатын спортшылар іріктелген. Бүгінге дейін отандық балуандар 3 оқу-жаттығу жиынын өткізді.

Көшпенділер ойындары басталғанға дейін тағы 3 жаттығу өткізуді жоспарлап отырмыз. Жобалап күресетін балуандардың тізімі бекітілді, әзірге жариялаған жоқпыз. Бірақ ең мықты, лайықты деген балуандар анықталды. Біздің құрамадан 16 салмақ дәрежесінде бір спортшыдан қатысады, оның 8-і қыздар арасында, тағы 8-і ерлер арасында шығады. Одан басқа да кураш, белбеу күрес сияқты күрес түрлері бар. Бапкерлік құрам бұл түрлерден де жауапкершілік алып, күресетін балуандарды белгілеп отыр. Бұған дейінгі ойындарда қазақ күресінен жақсы нәтижелерді көрсеттік. Соңғы Түркияда өткен ойында 5 салмақ дәрежесінде күресіп, үшеуінде алтын медаль иеленіп қайтты, - деді Қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов.

Еске сала кетсек, республикалық асық ату федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге, «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Жамбы ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар.  

Еске салсақ, биыл 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Әлемнің 85 елінен келген спортшылар асық ату, бәйге, кураш, теңге ілу, көкпар, көкбөру, көреш, ордо, арқан тартыс, аударыспақ, алыш, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлерінен 110 медальді сарапқа салады.

 

 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама