Halyq Uni логотип
×

Министрлік утиль алымына қатысты петиция талаптарын орындаудан бас тартты

Ведомство басшысы петицияны қарау барысында барлық заңнамалық талаптар сақталғанын айтты

 Динара Амантай 19.07.2024 | 17:20
Министрлік утиль алымына қатысты петиция талаптарын орындаудан бас тартты
Фото: Halyq Uni

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утиль алымы мен алғашқы тіркеуге қарсы петицияға қатысты мәлімде жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Құрметті қауым! Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері арнайы жұмыс тобын құрып, утиль алымы мен алғашқы тіркеуге қатысты петицияны қарастырды. Петицияны қарау барысында барлық заңнамалық талаптар сақталды. Ашық қоғамдық талқылау нәтижесінде петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды, – деді Қанат Шарлапаев.

Еске сала кетсек, 15 шілдеде Алматыда утиль алымы мәселелері жөніндегі петиция бойынша қоғамдық тыңдаулар өткен болатын. Жиында министрліктің интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев белсенділердің «утиль алымы олигархтардың қалтасына түседі» деген сөзін жоққа шығарды. Сондай-ақ ол петицияға бастамашы топтың Қазақстанның автомобиль өнеркәсібіне қатысты, оның экономикалық тұрғыдан тиімсіз және дұрыс дамымай жатыр деген пікірін жоққа шығарды.

Талқылау қорытындысы бойынша Әділбек Бектібаев петиция шешімінің алдын ала жобасын ұсынды.

Еске салсақ, «Утиль алымға жол жоқ» қозғалысы 2019 жылы құрылған. Петицияда аталған қозғалыс жеңіл автомобильдерге (М1 санаты) кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін 100 мың теңгеге дейін және автокөліктің қалған санаттарына 0 теңгеге дейін төмендетуді талап еткен еді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымын толығымен алып тастап, ал автокөлікті бастапқы тіркегені үшін мөлшерлемені 0,25 АЕК дейін төмендетуді талап етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама