Қазақстандағы ең ұзын көпір жыл соңына дейін пайдалануға берілмек
Құрылысы 2021 жылы басталған нысан 80%-ға дайын
Олжас Бектенов Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Қазақстандағы ең ұзын көпір құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары 50 жыл бойы Марқакөл, Күршім, Көкпекті және Қатон-Қарағай аудандарына жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүруге мәжбүр. Осыған байланысты 2019 жылы автокөпір өткелін салу міндеті қойылып, аталған жоба 2021 жылы іске асырыла бастады.
Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиевтің айтуынша, бүгінде көпірдің барлық тіректері орнатылып, аралық құрылыстардың 20 металл конструкциясы дайындалып, оның 19-ы орнатылған. Нысан еліміздегі су үстіне салынған ең ұзын көпір болмақ. Оның ұзындығы – 1316 метр, ал өткізу мүмкіндігі тәулігіне 80 мың көлікке дейін жетеді. Бүгінде нысан 80%-ға дайын. Көпірді жыл соңында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, жоба аясында көпірге қосылатын ұзындығы 18,6 шақырым болатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған. Бүгінде оның 7,7 шақырым төменгі жабын қабаты төселді.
Қазір көпірдегі көлік қозғалысын іске қосу үшін жұмыстарды тезірек аяқтап, барлық күшті жұмылдыру керек. Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, аудандардың өзара көлік қатынасын қамтамасыз ету – бүгінде әкімдік үшін негізгі басымдықтардың бірі саналады. Сонымен қатар көлік-логистика саласы еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күштерінің біріне айналуға тиіс. Сондықтан біз осындай инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыруымыз керек, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Көлік министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, құрылыстың уақтылы іске қосылуын және жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.