Halyq Uni логотип
×

ЖИ саласының мамандары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқи алады

Бағдарлама бойынша жыл сайын 100 стипендия бөлу жоспарланып отыр

 Халық үні 19.07.2024 | 13:02
ЖИ саласының мамандары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқи алады
фото: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Министр елдің жоғары білім және ғылым жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар бастама мен жобаларын таныстырылды. Сондай-ақ ол елімізде осы уақытқа дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 25 филиалы ашылғанын айтты. Айтуынша, шетелдік серіктестермен аймақтардағы мемлекеттік университеттерді халықаралық білім беру стандарттары бар зерттеу университеттеріне айналдыру туралы келісімдерге қол жеткізілген.

Бұдан басқа биыл студенттерге қаржылай қолдау көрсетудің жаңа тетіктері енгізіле бастағанын атап өтті. Олардың қатарына «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын, жеңілдетілген білім беру несиесі мен дифференцияланған гранттарды жатқызуға болады. Бұл шаралар халықтың барлық санатына жоғары білімнің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар министр Президенттің бұған дейін жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берді. Оның айтуынша, қазір 8 жоғары оқу орнында 15 білім беру бағдарламасы бойынша 2000-нан астам студент жасанды интеллект саласын оқып жатыр. Цифрлық экономикаға бейімделген кадрлардың әлеуетін дамыту үшін Google, Nvidia, Coursera, 01 Edu System және Huawei сияқты трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнатылған. Сондай-ақ жасанды интеллект саласында мамандар даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 стипендия бөлу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы жатақханалар салу, жоғары білім мен ғылым инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама